
2026 жылғы 31 наурызда «Олимпиадалық емес және бұқаралық спорт түрлері спорт клубында» комплаенс қызметінің жұмысына арналған семинар өткізілді. Іс-шараның мақсаты – мекеме қызметкерлеріне комплаенс талаптарын түсіндіру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті арттыру болды.
Семинар барысында мекеменің комплаенс офицері Дастан Ибраев қызметкерлерге атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты мәлімдеме жасап, комплаенс қызметінің негізгі бағыттарына тоқталды. Ол өз сөзінде комплаенс жүйесінің басты мақсаты – ұйым қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасына, ішкі нормативтік құжаттарға және әдеп қағидаттарына толық сәйкестігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Сонымен қатар, семинарда күнделікті қызмет барысында туындауы мүмкін тәуекелдер нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Атап айтқанда, жұмысқа қабылдау кезінде мүдделер қақтығысына жол бермеу, бюджет қаражатын мақсатты пайдалану, сыйлықтар мен заңсыз артықшылықтарды қабылдамау, сондай-ақ қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсатта пайдаланудың алдын алу мәселелері қарастырылды.
Қатысушыларға комплаенс қызметінің жазалау емес, алдын алу және түсіндіру бағытында жұмыс істейтіні ерекше атап өтілді. Қызметкерлерге кез келген күмәнді жағдайлар бойынша уақтылы хабарлау қажеттігі түсіндірілді.
Семинар соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Іс-шара ұйым ішінде ашықтық, адалдық және жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.
Осындай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.



