
2026 жылғы 31 таымзда «Олимпиадалық емес және бұқаралық спорт түрлері спорт клубында» комплаенс қызметінің жұмысына арналған түсіндіру семинары өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мекеме қызметкерлеріне комплаенс талаптарын түсіндіру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қызметтік әдеп нормаларын сақтау және ұжымның құқықтық мәдениетін арттыру.
Семинар барысында клубтың комплаенс-офицері Дастан Ибраев атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты баяндап, комплаенс қызметінің негізгі міндеттері мен бағыттарына тоқталды. Ол комплаенс жүйесінің басты мақсаты ұйым қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасына, ішкі нормативтік құжаттарға және әдеп қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылуын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Қызметкерлерге күнделікті жұмыс барысында туындауы ықтимал сыбайлас жемқорлық және құқықтық тәуекелдер нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Атап айтқанда, жұмысқа қабылдау кезінде мүдделер қақтығысына жол бермеу, бюджет қаражатын мақсатты әрі тиімді пайдалану, сыйлықтар мен заңсыз артықшылықтарды қабылдамау, сондай-ақ қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсатта пайдаланудың алдын алу мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар, мүдделер қақтығысы немесе заң талаптарының бұзылу белгілері байқалған жағдайда, бұл туралы комплаенс қызметіне уақтылы хабарлау қажеттігі айтылды. Комплаенс қызметінің негізгі міндеті қызметкерлерді жазалау емес, ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және заң талаптарын сақтауға көмектесу екені ерекше атап өтілді.
Семинар соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар мен тиісті түсіндірмелер алды.
Өткізілген іс-шара клуб қызметінде ашықтық, адалдық, заңдылық және жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Ұжымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және комплаенс талаптарын түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.

